– Сәлем, Сәлем!
Өзіңді күткеніме біраз уақыт болды.
Жүр, екеуіміз ғажайып «Қызғылықты МАТЕМАТИКА» әлеміне саяхат жасайық.
Бұл – ертегіге бай ғажайып әлем!
Үлкенді-кішілі ертегі-қалашықтар өзінің сән-салтанатымен көз тартады. Иә, иә, таңқалмай-ақ қой.
Расымен де, бұл – ертегі-қалашықтар. Біз «Бауырсақ», «Үш торай», «Қар ханым», «Бақа ханшайым», Алдар көсе» және басқа да көптеген ертегі қалашықтарға саяхат жасаймыз.
Ертегі-қалашықтардың тұрғындары өте тапқыр әрі зерек. Өздері небір қиын есептерді шешуге құмар-ақ. Менің атым – Ақыл-Бегім. Мен осы ғажайып әлемнің ең ақылды ханшайымымын. Басқалар үшін бұл – құпия. Оны екеумізден басқа ешкім білмейтін болсын.
Бір ертегіден екінші ертегіге саяхат жасау өте қызық. Қандай да бір ертегі-қалашыққа ұшып бара қалсаң, алдыңнан мейірімді қала тұрғындары шығып, үнемі жылы шыраймен қарсы алады. Мен оларға әр түрлі оқиғаларды баяндап беремін, даналыққа үйретемін. Есептердің шешімін табу жолдарын көрсетемін.
Қалай, осы ғажайып елге менімен бірге аттанасың ба?
Онда жолға шығайық!
Егер қандай да бір қиындықтарды кездестірсең, құлағыңа ақырын «ақылбегім» деп сыбырлаймын.
Сол кезде қиындықтан шығар жолды өзің табарсың.
Ал, достым, дайын болсаң, сиқырлы бетті аш.
Сапарымыз осы арадан басталмақ!